«Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі
Ғасырлар жүгін көтерген халқымыздың төл-тума өнері - ән мен күйге не жетсін?! «Ата толғауын» тыңдап, тарих сырына бойласақ, халық әндерімен жанымызды жадыратамыз. Ал «Қамажай» десе, қуана тамашалайтын халықтың ән-би өнері жүрек төрінен орын алғаны белгілі. Халқымыздың төл өнерін насихаттап, дәстүрімізді жаңғыртып жүрген елімізде қаншама өнер ұжымдары бар. Сол өнер ұжымдары баба аманатын бүгінге жалғап келе жатқан алтын көпір іспетті. Осы қатарда «Алатау әуендері» МКҚК «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі ерекше орын алады.
Қазақ тарихы тереңде, өнері өрде екені даусыз. Сол өнердің көгінде жұлдыздай жанған жанның бірі – Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Әсет Көпбайұлы Бейсеуов. Ақындардың жүрегін әлдилеген өлеңді әнге айналдырған композитордың есімі тарих сахнасында жаңғырып келеді. Ал осыдан отыз сегіз жыл бұрын өзі құрып кеткен «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі – оның бүгінгі табысы, еткен еңбегі мен төккен терінің жемісі.
Әрине, аталған ансамбль дүркіреп тұрған шағында талай киелі сахнада өнер көрсетті. Қиын жылдары әупірімдеп күй кешкен күні де болды. «Құлансазды» қайта құлпырту мақсатында 2010 жылы облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, 2011 жылдың наурыз айынан бастап, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі болып қайта түледі. Соның арқасында музыкалық аспаптар, сахналық киімдер, ұжымның музыкалық студиясы түгелдей жаңартылды. Міне, осылай іргесін көрнекті композитор Әсет Бейсеуов қалап, Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен қайта түлеген ұжымның алдағы асар биігі аз болмады.
Аз ғана уақыт ішінде алыстағы Моңғолия, Корея, Польша, Американың Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында, Қытай мен Германия елінде, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай Алматы мен Астана, Талдықорған қалаларында концерт берсе, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына 25 тегін концерттік бағдарламамен еліміздің түкпір-түкпірін аралап, көрермендердің көзайымына айналды.
Мұндай жетістікке жетудің өзіндік себебі бар. Әрине, ансамбль құрамындағы өнерпаздар да жоғары кәсіби оқу орнында, атап айтсақ, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынан тәлім алған өнерлі, кәсібіне мығым, терең білімді 18-25 жас аралығындағы дарынды өнерпаздарымыз халыққа тынбай еңбек етуде.
Ансамбль репертуарындағы «Қарасай», «Ел едім құт дарыған, есім – Малай» күйлері, Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Әлқисса», «Аққу», «Боорлаштары», Ж.Құрамысовтың «Жамбыл ата елі», «Жамбыл ата жан ата», Жамбылдың «Угәй-айы», Т.Сембаевтың «Жетісу – жерұйығым», Б.Есебаевтың «Қайнар көзі ырыстың», «Арман қала – Талдықорған», «От – Ана – Отан», «Жамбыл атама», «Жаннат мекенім – Жетісуым», «Аққайнарым», Ө.Байділдаевтың «Туған жер», Д.Шаштайұлының «Сүйінбай сазы», Ш.Ахметованың «Киелі мекен», Е.Рахмадиевтің «Арғымақ арман», Т.Әлімбекұлының «Жыршылар толғауы», тағы басқа да өзіне баурап әкететін туындылар тыңдарманның ықыласына бөленіп келеді. «Биші қайың», «Тұмарқыздың биі» сияқты бишілердің мың бұрала билейтін билері концерттің шырайын ашып, көрермен көңілін еселей түседі. Ансамбльдің үн таспа жинағында жоғарыда аталған шығармалардың бірқатары қамтылғаны анық. Қай тұрғыдан алсақ та, «Құлансаз» ансамблі әр концертте жаңа қырымен танылуды мақсат еткенін білеміз. Соған сай репертуарын жаңарту мен жандандыруды күн тәртібінен түсірген жоқ.
Шығармашылығы шыңдалған, жетістіктері еселенген «Құлансаз» ансамблі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған республикалық фольклорлы-этнографиялық ансамбльдердің «Ғасырлар сазы» дәстүрлі музыка фестиваль-байқауында ІІІ орын лауреаты атанса, Польша мемлекетіне гастрольдік сапармен барып, сол елдегі славян халықтарының арасында өтетін Жаңа жылдық фестивальда өнерін ортаға салды.
2013 жылдың Азербайжан елінің Габала қаласында өткен фестиваліне ансамбльдің бишілері қатысса, осы жылдың қыркүйек айында интеграция аясында өткен «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесіне ансамбль ұжымы Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Астана, Тараз, Шымкент қалаларында өз өнерін көрсетіп гастрольдік сапармен барып қайтты. 2014 жылы фольклорлы-этнографиялық ансамблі XVI Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде халық музыкасы номинациясы бойынша І орынды иеленді.
2016 жылы Сербияның Белград қаласында «ХХ ғасырдың Гомері» атанған, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың 170 жылдық мерейтойына арналып ескерткіш қойылды. Екі елдің достығын паш еткен осы салтанатты мерекеге Елбасы Н.Ә.Назарбаев та арнайы қатысқан еді. Айтулы шарада өнерін көрсеткен «Құлансаз» ұжымына сербиялықтар ыстық ықыласпен қол соқты.
Өнер жолы қашанда қиындығы мен қызығы егіз жүретін сала десек те, қазақ халқының дәстүрлі өнерін ту етіп, соның бай да мазмұнды тағылымынан нәр алған «Құлансаз» ансамблі қашанда алға қойған мақсаттарын орындап, әлі талай жетістіктерге жетіп, талай биіктерді бағындыратынына сенім мол. Өйткені өркенді өрлікті еншілеген өнер ұжымның келешегі де кемел, керегесін кең жаяры анық.